Ұлттық Банктiң ҚР ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын сату және сатып алу тәртібі Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 70 қаулысымен бекітілген Қағидасымен анықталады.

Ұлттық Банк монетаның ең төменгі сату бағасын есептеп, сол бағаны бекітеді, бұл бағаға монетаны дайындау және монетаның құрамындағы бағалы металдардың құны кіреді (бір мың теңгеге тең сомаға дейін көп жағына қарай дөңгелектенген). Сату басталған күннен бастап бағалы металдардан жасалған коллекциялық монетаның бағасы:

• коллекциялық монетаның құрамындағы бағалы металдың құнына қарай, ол күн сайын Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы белгілеген таңертеңгі фиксинг бойынша анықталады;

• ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамына қарай күн сайын қайта есептеліп тұрады.

Егер сату күні коллекциялық монетаның құрамындағы бағалы металдың есептелген құны ең төменгі сату бағасынан жоғары болатын болса, онда коллекциялық монетаны сату бағасы бағалы металды сату күніндегі есептелген құны болады (бір мың теңгеге тең сомаға дейін көп жағына қарай дөңгелектенген).

Егер сату күні коллекциялық монетаның құрамындағы бағалы металдың есептелген құны ең төменгі сату бағасынан төмен болатын болса, онда коллекциялық монетаны сату бағасы оның ең төменгі сату бағасы болады.

Бағалы металдан жасалған коллекциялық монеталарды сатып алған кезде монеталардың қандай металдан жасалғанын, метал сынамасын және монетаның құрамындағы химиялық таза бағалы металдың грам түріндегі салмағын анықтау мақсатында сараптама жүргізіледі.

Сараптама нәтижесінің негізінде сатып алу бағасы:

• коллекциялық монетаның құрамындағы бағалы металдың құнына қарай, ол күн сайын Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы белгілеген таңертеңгі фиксинг бойынша анықталады;

• ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамына қарай есептелінеді.

Егер бағалы металдан жасалған коллекциялық монетаны сатып алудың есептелген бағасы ең төменгі сату бағасынан жоғары болатын болса, онда коллекциялық монетаны сатып алу бағасы бағалы металдың есептелген құны болады.

Егер бағалы металдан жасалған коллекциялық монетаны сатып алудың есептелген бағасы ең төменгі сату бағасынан төмен болатын болса, онда сатып алу бағасы бағалы металдың есептелген құны болады.

Егер бағалы металдардан жасалған коллекциялық монетаны есептелген сатып алу бағасы оның номиналынан төмен болса, онда коллекциялық монетаның номиналы оның сатып алу бағасы болады.